ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНА 15 ЖЫЛ
Тексеру комиссиясының тарихы еліміздегі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасында жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын органдар ретінде тексеру комиссиялары 2011 жылы құрылды. Кейіннен мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалар аясында олардың құзыреті кеңейтіліп, қызметі мемлекеттік аудиттің халықаралық стандарттарына сәйкестендірілді. Тексеру комиссиясы құрылған күннен бастап өңірдегі бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етіп келеді.
Түркістан қаласында облыс бойынша тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Мерейтойлық жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, мемлекеттік аудит саласының ардагерлері, тексеру комиссиясының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, қатысушыларға Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының 15 жылдық қалыптасу жолы мен қол жеткізген нәтижелерін қамтыған арнайы бейнеролик ұсынылды. Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек құттықтау сөз сөйлеп, тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүйесін жетілдірудегі маңызды рөліне ерекше тоқталды. Өз сөздерінде олар тексеру комиссиясының бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімді және мақсатты пайдаланылуына сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу, бюджет қаражатын басқарудың нәтижелілігін бағалау, қаржылық тәртіпті нығайту, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу тиімділігін талдау және заңнама талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы қызметінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ комиссияның ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару сапасын арттыру және бюджет қаражатын пайдаланудағы тәуекелдердің алдын алу жолындағы еңбегіне жоғары баға берілді.
Мерекелік жиын барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек мемлекеттік аудит саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен ардагерлерді мерейтойлық наградалармен марапаттады.
15 жыл ішінде Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін арттыруға, бюджет қаражатының ұтымды игерілуін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қаржыны басқару сапасын жетілдіруге бағытталған маңызды міндеттерді табысты жүзеге асырып келеді.
