ТҮРКІСТАНДА ЕНДІ «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫ» ДА БАР

Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттары төрағаларының қатысуымен «Билер аллеясы» ескерткіш кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Әзербайжан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Инам Керимов, Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Медербек Сатыев, Түркия Республикасы Кассациялық сотының төрағасы Омер Керкез, Түркия Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Зеки Йигит, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усманов және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Қасымұлы Омуралиев қатысып, «Билер аллеясының» лентасын қиды.

Мәртебелі жиынға сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық сотының төрағасы Азамат Сұлтанов, өңірдегі мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Билер аллеясы» қазақ халқының құқықтық мәдениетін, билер институтының тарихи мұрасын және ел басқарудағы даналық дәстүрін насихаттауға арналған маңызды нысан болып табылады. Жаңа кешен түркі халықтарына ортақ әділдік, парасаттылық, заң үстемдігі және құқықтық сабақтастық қағидаттарын дәріптеп, тарихи құндылықтарды ұлықтауға бағытталған.

Салтанатты рәсім барысында құрметті меймандар аллея аумағымен танысып, қоршаған ортаны көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ағаш отырғызу акциясына қатысты. Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттары төрағаларының Қазақстан Республикасына ресми сапары 18 маусым күні басталды.

 

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің жоғары сот органдарының басшыларын арнайы қабылдап, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалардың негізгі бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Кездесу барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің сапасын арттыру және сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттары төрағаларының екінші конференциясы өтті. Халықаралық деңгейдегі маңызды басқосуда сот жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын құқықтық салаға енгізу, инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық тартымдылықты арттыру және сот төрелігінің тиімділігін күшейту бағытындағы өзекті мәселелер қарастырылды.

Аталған іс-шаралар Түркі мемлекеттері арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуды дамытуға және сот жүйесін жетілдіру бағытындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.