ТҮРКІСТАНДА РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ БАР «АСТАНА» САЯБАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында Рәміздер алаңы орналасатын «Астана» саябағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жобаны іске асыруға жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме жетекшісіне нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұралхан Көшеров: 

Жоба жоспарға сай жүзеге асырылуы керек. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да сапалы атқарылсын. Қатаң қадағалауда болады, – деді.

Жалпы саябақ құрылысына 20,2 гектар жер телімі бөлінген. Жоба аясында аумақта Рәміздер алаңы мен жаяу жүргіншілерге арналған аллея салынып, оның айналасы сәнді әрі көрікті жасыл желекпен көмкеріледі.

Саябақ аумағында 12 мың шаршы метр жер көгалдандырылып, тұрғындар мен қонақтардың демалысына қолайлы жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар қатты жабын төселетін аумақтың көлемі 32 мың шаршы метрден асады.

Инфрақұрылымды дамыту мақсатында нысан аумағында шамамен 800 автокөлікке арналған кең автотұрақ қарастырылған. Бұдан бөлек, аталған кеңістікте 20 мың адамның қатысуымен мәдени-көпшілік және мерекелік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жасалады.

Жоба аяқталғаннан кейін «Астана» саябағы Түркістан қаласының сәулеттік келбетін айшықтайтын, тұрғындар мен туристердің сүйікті демалыс орындарының біріне айналатын заманауи қоғамдық кеңістік ретінде қызмет етпек.