ТҮРКІСТАНДА ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Жоғарғы соттары төрағаларының II форумы өтті. Халықаралық маңызы зор жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның жоғары сот органдарының басшылары қатысты.
Форум барысында сот жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын құқықтық салаға енгізу, инвестициялық ортаны жетілдіру және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Президент өз үндеуінде сот жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мен инвесторлардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етудің стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды.
Қазақстанда соңғы он бес жылда қалыптасқан цифрлық инфрақұрылым сот саласында жасанды интеллект элементтерін кеңінен пайдалануға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде сот төрелігінің ашықтығы мен нәтижелілігін арттыруды көздейтін «Болашақ соты» тұжырымдамасын жүзеге асыруға негіз болады.
Форумда сөз алған Түркия Республикасы Мемлекеттік кеңесінің сегізінші алқа төрағасы Исмаил Хакки Сайин құқықтық тұрақтылықтың инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етудегі шешуші фактор екеніне назар аударды. Оның пікірінше, инвесторлар үшін заң үстемдігі мен құқықтық кепілдіктер экономикалық мүмкіндіктерден кем түспейтін маңызды құндылық саналады.
Жиын аясында жасанды интеллект негізінде әзірленген бірқатар инновациялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында құжаттарды автоматты түрде әзірлейтін жүйелер, сондай-ақ сот процестерін аудио және бейне форматта тіркеп, алынған ақпаратты мәтінге айналдыратын цифрлық шешімдер бар.
Түркия Республикасы Кассациялық сотының 10-шы азаматтық алқа төрағасы Шерафеттин Озюрур ТМҰ аясындағы ынтымақтастықтың сот саласымен қатар экономика, кеден, білім беру, туризм және денсаулық сақтау бағыттарында да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен бірге ол құқық қолдану тәжірибесі бойынша өзара тәжірибе алмасу мен институционалдық байланыстарды күшейтудің маңыздылығын айтты.
Форум барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі де жан-жақты қарастырылып, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әкімшілік әділет реформасының нәтижелері жоғары бағаланды. Осыған байланысты Қазақстан тарапы ТМҰ аясындағы сот органдары арасында ақпарат алмасуды жеделдетуге және құқықтық ықпалдастықты нығайтуға арналған Бірыңғай цифрлық платформаны құру бастамасын ұсынды. Бұл ұсыныс қатысушы мемлекеттердің қолдауына ие болды.
Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ибрагим Таджиев өз еліндегі сот жүйесін цифрландыру тәжірибесімен бөлісіп, жаңа технологияларды енгізу сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырып, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға әрі қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік бергенін жеткізді.
Форум қорытындысында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің делегация жетекшілері бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта цифрлық сот төрелігін дамыту, киберқауіпсіздікті күшейту және құқықтық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бағыттары айқындалған.
Келесі форум 2027 жылы Қырғыз Республикасында өтеді. Бұл бастама түркі елдері арасындағы құқықтық өзара іс-қимылды нығайтып, сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған тәжірибе алмасуды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ресми бағдарламадан кейін шетелдік делегация мүшелері Түркістан қаласының тарихи және мәдени нысандарын аралады. Қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен-Сарай туристік кешені және қаланың өзге де көрікті орындарымен танысып, өңірдің бай тарихи мұрасы мен туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Бұл сапар түркі халықтарының ортақ мәдени құндылықтарын насихаттап, бауырлас мемлекеттер арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етті.
