ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЛАРЫ МЕН ЖУРНАЛИСТЕР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы экологиялық шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Сырдария өзенінің жағалауында «Мөлдір бұлақ» акциясы өткізілді.

Тазалық акциясына Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлепов, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің орман қызметкерлері, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ инспекторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жалпы 70-тен астам адам жұмылдырылып, Көксарай көпірінің маңайы тазартылды.

Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде бірқатар экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Биыл облыстағы елді мекендер бойынша жалпы 7 257 іс-шара жоспары бекітіліп, күн сайын сенбіліктер мен тазалық акциялары өткізілуде. Атап айтқанда, «Тазару күні», «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Халықаралық қалдықсыз күні», «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза ауыл», «Таза аула», «Жасыл болашақ» секілді кең ауқымды экологиялық бастамалар жүзеге асырылды.

Сонымен қатар аудандарда «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Парктер шеруі», «Жасыл белдеу» жобалары іске асырылып, тұрғындардың қоршаған ортаны қорғау бағытындағы белсенділігі артып келеді. Аталған жұмыстарға 355 мың тұрғын мен 1 222 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды.

Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға арналған кешенді жоспарлар бекітіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.  Түркістан облысында биыл 1 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда өңірде 332 мыңнан астам көшет егілді.