ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мәселесі талқыланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Нұралхан Көшеров: 

Шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажет. Соңғы үш жылда суға кету жағдайлары жиі тіркелген аумақтарды жан-жақты саралап, ескерту белгілерін орнату маңызды. Облыс аумағындағы барлық су айдындарында шомылу маусымын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді.

Мәжілісте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдегі судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл 23 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға кету оқиғаларының саны 34 пайызға төмендегенімен, өкінішке қарай қайғылы жағдайлар әлі де кездесуде. Мамандардың мәліметіне сәйкес, жазатайым оқиғалардың 95 пайызы арнайы жабдықталмаған және шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген. Негізгі себептер қатарында қауіпсіздік талаптарын елемеу, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерлерде суға түсу бар.

Осыған байланысты өңірде күн сайын профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда. Тексеру шаралары барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 107 азаматқа жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар 247 адамға әкімшілік ескерту берілді.

Бүгінде облыс аумағында шомылуға арналған 53 жағажай белгіленген. Дегенмен жүргізілген мониторинг нәтижесінде олардың басым бөлігінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Алдағы уақытта қосымша 17 жағажай ашу жоспарланып отыр.

Балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру мақсатында шомылу орындары жоқ елді мекендерде модульді бассейндер орнату жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 900 бассейннің бүгінгі таңда 441-і пайдалануға берілген.

Сонымен қатар облыстағы 111 қауіпті учаскеге ескерту тақтайшалары, ақпараттық стендтер мен арнайы белгілер орналастырылған. Биыл қосымша 1750 тыйым салу белгісін орнату көзделіп отыр.

Төтенше жағдайлар департаменті судағы қайғылы оқиғалар жиі тіркелетін «ыстық нүктелерді» ерекше бақылауға алған. Атап айтқанда, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы аудандарындағы магистральды және суару каналдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Балаларды жүзуге үйрету бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда 45 кәсіпкермен меморандум жасау қолға алынып, нәтижесінде 1672 бала тегін жүзуді меңгеріп, арнайы дайындықтан өтті.

Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе ағысы қатты өзендерде, магистральды және суару каналдарында шомылудың өмірге аса қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау, тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажеттігі түсіндірілуде. Су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі болып табылады.