МАҚСАТСЫЗ ПАЙДАЛЫНҒАН МАЛ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Түркістан облысында жер қорының жалпы көлемі 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Биыл нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаған 40 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін 47,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлімделді.

Облыс әкімі жауапты мекемелер мен лауазымды тұлғаларға бекітілген жоспарлардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланушыларға жолданған хабарламалардың орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізуді және жерлердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Мал басы тіркелмеген жайылымдық алқаптар мен игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын күшейту қажет, – деді.

Мәжілісте Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген қоғамдық жайылымдарды қайтару және агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес министрлік тарапынан нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушыларға хабарламалар жолдау және қайтарылған жайылымдарды қоғамдық жайылым ретінде бекіту шаралары көзделген.

Облыс аумағында 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаның иелігінде 4527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Осы санаттағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жеке және заңды тұлғаларға тиісті хабарламалар берілген.

Жыл басында елді мекендер бойынша 531,1 мың гектар қоғамдық жайылым тапшылығы анықталған. Биыл ауыл тұрғындарын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде бекіту жоспарланған. Есепті кезең қорытындысымен 165,6 мың гектар жайылым жер қоғамдық жайылым ретінде бекітілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарды құрап отыр.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында өңірде салық түсімдерін арттыруды, инвестиция тартуды, ауылдық аумақтарды дамытуды және жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жер пайдалану құқығын ұзарту мәселелерін қарастыратын арнайы комиссия құрылған. Комиссияның жұмыс органы тарапынан жалпы 97 жер пайдаланушының 181 жер учаскесіне қатысты құжаттары қаралған.

Өткен жылы мемлекет тарапынан 541 жеке және заңды тұлғадан 6831,0 млн теңге көлеміндегі 1936 субсидия алу жөніндегі өтінім тіркелген. Ал 2025 жылы субсидия алған 541 жеке және заңды тұлға салық төлеуші ретінде тіркеліп, олардың 213-і тарапынан жалпы көлемі 23,7 млн теңге салық төлемдері жүргізілген.

Сонымен қатар жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында құрылған жұмыс тобының қорытындылары мен ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды тиімді пайдалану мәселесін облыс әкімінің өзі бақылауда ұстайды.