ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕҢ ҚАУІПСІЗ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралды.

Жиында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жоспар 5 негізгі бағыт пен 55 іс-шарадан тұратынын жеткізді. Оның ішінде Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға 9 іс-шараны орындау міндеті жүктелген.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде есепті кезеңде құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға, қылмыс саны 4,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 3,6 пайызға азайса, оның ішінде көшелерде тіркелген қылмыстар 1 пайызға қысқарған. Нәтижесінде Түркістан облысы криминогендік ахуал көрсеткіші бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңірлердің бірі ретінде танылды.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына облыс бойынша 1236 қоғамдық көмекші тартылған. Олардың қатысуымен 451 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыстың ашылуына ықпал етілді. Азаматтарға құқықтық қолдау көрсету мақсатында биыл «Жолда қабылдау» акциясы 23 рет ұйымдастырылып, оған 120 маман жұмылдырылды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғынның өтініші қаралып, тиісті құқықтық кеңестер берілді.

Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында білім, қоғамдық даму және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп 883 профилактикалық іс-шара өткізілді. Бұдан бөлек, өңірде 21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алуда. Облыс прокуратурасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық сабақтар ұйымдастырылуда.

Мәжілісте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл де баяндама жасап, тұжырымдаманы жүзеге асыру аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, жыл басынан бері облыс көлемінде «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде жастар арасында 329 іс-шара өткізіліп, оған 30 мыңға жуық жас қамтылған. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, лудоманияның, ерте жүктіліктің, буллингтің, сталкингтің және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында 956 психологиялық-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 70 150 жас қамтылды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықпен, лудоманиямен және интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі орындау – баршамызға ортақ міндет. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықпен, лудоманиямен және интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Сондай-ақ барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі мекемелердің өзара іс-қимылын нығайтып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында белгіленген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын, – деді.

Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң үстемдігін нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.