КАБЕЛЬ ӨНДІРІСІ МЕН МЕТАЛДАРДЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ КЕШЕНІ САЛЫНБАҚ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарының нәтижесінде өңірде жаңа ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар нақты кезеңге өтті. Осыған байланысты Түркістан қаласында Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі – «Henan Sulipu Cable Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Түркістан облысында кабель өнімдерін шығару және түсті металдарды терең өңдеу бойынша ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері қаралды. Жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және экспортқа бағытталған өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы өңір ретінде қалыптасып келеді. Біздің мақсатымыз – шикізат экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Бүгінгі жоба осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Түркістан облысына инвестиция салу арқылы инвесторлар Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропа бағыттарына шығу мүмкіндігіне ие болады. Біз әрбір инвестордың бастамасын қолдауға және жобалардың табысты жүзеге асуына барлық жағдай жасауға дайынбыз. Бұл өндіріс өңір экономикасының дамуына ғана емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік кооперацияны жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді, – деді.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде кабель және түсті металл өнімдерін өндіретін заманауи өндіріс орны салынады. Кәсіпорында мыс, жез және алюминий негізіндегі өнімдердің кең ассортименті шығарылады. Атап айтқанда, тәулігіне 30 тонна таза мыс өңделіп, кабельдер, электр сымдары және мыс катанкалары өндіріледі. Сонымен бірге жез катанкалары мен профильдері, алюминий табақтары, таспалары және сымдары дайындалады. Өндірістің қуаты тәулігіне 30 мың метр кабель мен электр сымдарын шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаның екінші кезеңінде қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық кешен салу көзделген. Экологиялық қауіпсіз технологиялар қолданылатын кәсіпорын жылына 15 мың тонна өнім өндіретін болады.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, түсті металл өңдеу саласының жаңа бағыты дамиды. Сонымен қатар мыс, алюминий және жез өнімдерін терең өңдеудің толық өндірістік тізбегі қалыптасып, жергілікті бюджет кірістері артады.
Кездесу барысында тараптар өндіріс орнын орналастыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтарын пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын қолдану мәселелерін талқылады.
Нұралхан Көшеров Түркістан облысының қолайлы географиялық орналасуы мен өндірістік мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің Орталық Азиядағы маңызды логистикалық және индустриялық орталықтардың біріне айналып келе жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында инвестициялық тартымдылықты арттыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артуда. Бүгін талқыланған жоба өңірдің индустриялық және экспорттық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.
