ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ЕЛЕНДІ
Түркістан қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. «Конгресс Холл» кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шара Қазақстан полициясының қызметіне арналған бейнеролик көрсетілімімен басталды.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
– Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтау – аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық пен тәртіп. «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Ал сол тәртіпті сақтап, елдің тыныштығын қорғау – сіздердің қызметтік борыштарыңыз. Полиция қызметі – нағыз ерлік пен батылдықтың, адалдық пен темірдей табандылықтың мектебі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ерекше сенім артып келеді. Президентіміз «Әрбір тәртіп сақшысының білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды» деген болатын. Қиындыққа мойымай, қауіптен қаймықпай қызмет ету – нағыз ер азаматтың ісі.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары ел сенімін абыроймен ақтап келеді. Өңірде жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде құқықтық тәртіп нығайып, құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді. Биыл өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етті. Бұл – сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз бен қажырлы қызметтеріңіздің жемісі.
Құрметті тәртіп сақшылары! Халықтың сенімі – ең жоғары марапат, елдің алғысы – ең үлкен құрмет. Тәртіп сақшыларымыз Әділетті Қазақстанды құруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға сүбелі үлес қоса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді.
Іс-шара барысында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталды. Облыс әкімі қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған полиция қызметкерлеріне II дәрежелі «Айбын» орденін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын және Алғыс хаттарды табыстады.
Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Запаров сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол сала үздіктері мен ардагер полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, бірқатар мамандарға арнаулы шендер тапсырды. Жас қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталса, спорт саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәртіп сақшылары да арнайы марапатқа ие болды.
Мерекелік жиында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына ерекше құрмет көрсетілді. Марқұмдардың жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар Түркістан облысы ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразалы Жанқожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара еліміздің танымал өнер жұлдыздары қатысқан гала-концертпен қорытындыланды.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Соңғы үш жылда полиция қызметін техникалық жарақтандыруға қажетті қаражат қарастырылды. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында 97 қызметтік автокөлік пен арнайы техника сатып алынып, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылды. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
