ТАЗАЛЫҚ АДАМЗАТТЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының өкілдері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары белсене атсалысты.

Сенбілік барысында елді мекендердің көшелері, тұрғын үй аулалары, саябақтар мен өзге де қоғамдық аумақтар қоқыстан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сонымен қатар, қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, шөп шабу жұмыстары жүргізілді, арық-атыз жүйелері ретке келтіріліп, тазартылды.

Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына жеткізілді.

Аталған экологиялық іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін нығайту және туған өлкенің көркін арттыру. Тазалықты сақтау – адам денсаулығын қорғаудың, қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігін сақтаудың және жұқпалы аурулардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Таза әрі күтімді орта тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, елді мекендердің көркеюіне, санитарлық жағдайдың жақсаруына және өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілігінің қалыптасуына оң ықпал етеді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған игі бастамалар Қазығұрт ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады.