ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ 80 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында 80 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін өмірлеріндегі маңызды оқиғамен құттықтап, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі. Сонымен қатар тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызын атап өтті.

Жаңа пәтерлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан тұрғын аудандарының бірі – Бозарық шағынауданында орналасқан. Баспаналар «Отбасы банк» акционерлік қоғамының «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді.

Қоныс иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар. Бұл бастама әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге және олардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Шымкент қаласында тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттыру, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары кезең-кезеңімен іске асырылып, халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, олардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде жалғасуда.