ҰРЛЫҚ ПЕН ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Алдағы кезеңде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда екі өзекті бағыт кеңінен қаралды. Атап айтқанда, Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы талданып, мүліктік қылмыстардың, оның ішінде пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмыстарға жан-жақты баға берілді. Сонымен бірге заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметіне тосқауыл қою және олардың алдын алу тетіктері талқыланды.

Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеп, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Өңірімізде қылмыстың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Ұрлық жиі тіркелетін аудан-қалаларда бірлескен рейдтік шараларды күшейтіп, ұрлықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық пен лудоманияға қарсы күресті күшейтіп, экономикалық қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдансын. Заңсыз ойын алаңдары бойынша аудан, қалаларда жан-жақты талдау жүргізіліп, алдын алу жұмыстары күшейтілуі керек. Барлық берілген тапсырмалар белгіленген мерзімде сапалы орындалып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы облыс әкімі аппаратына ақпарат ұсынылсын, – деді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, өңірдегі криминогендік ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, облыста жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Сонымен қатар ұялы телефон мен мал ұрлығының көбеюіне әсер еткен негізгі факторлар сараланып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы жағдай жан-жақты қаралды.

Облыс әкімі аталған мәселелер бойынша аудан және қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, бірлескен жұмыстың нәтижелілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиынның екінші мәселесі бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидаларға қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынды. Отырыста тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, лудоманиямен күрес шараларын күшейту және құмар ойындарға тәуелді азаматтарға қатысты жан-жақты талдау жүргізу мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру үшін жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.