«ТАЗА СУ АЙДЫНДАРЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысының бірқатар ауданында «Таза су айдындары» экологиялық акциясы шеңберінде кең ауқымды тазалық жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Шардара, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Бәйдібек, Арыс, Отырар және Сауран аудандарында ұйымдастырылған іс-шара барысында өзендер мен көлдердің жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жиналған қоқыс арнайы белгіленген орындарға тасымалданды.
Атап айтқанда, Сайрам ауданында Ақсу өзенінің 4,6 шақырым жағалауында тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған 200-ден астам тұрғын мен 2 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 2,2 тонна тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға жеткізілді. Іс-шараға қатысқан белсенді азаматтар тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеді.
«Қоршаған ортаны қорғау – әрбіріміздің болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндетіміз. Өңір тұрғындарын жазғы демалыс кезінде табиғат аясында демалғаннан кейін өздері болған аумақты таза күйінде қалдыруға шақырамыз», – деді аудан тұрғыны Бақытжан Тәжіханов.
Экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Сонымен қатар, жазғы шомылу маусымында өңірдегі су айдындары аумағында тұрақты бақылау және тексеру шаралары жүргізілуде.
