АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК АЯСЫН КЕҢЕЙТЕДІ

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Басқосу барысында тараптар мегаполистің инфрақұрылымын дамыту, көлік жүйесін жетілдіру, энергетика саласын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың келешек мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Бүгінде Алматы Қазақстан экономикасының шамамен төрттен бір бөлігін қалыптастырып отырған, іскерлік белсенділігі жоғары әрі инвестициялық тартымдылығы зор мегаполис саналады. Осыған байланысты қала үшін халықаралық қаржы институттарымен әріптестікті нығайту тек қаржыландыру көздерін кеңейтумен ғана шектелмей, қаланы тұрақты дамытуға бағытталған заманауи әрі тиімді шешімдерді енгізу тұрғысынан да ерекше маңызға ие.

Кездесу барысында Алматыдағы 2-ЖЭО-ны жаңғырту, Алматы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) дамыту, сондай-ақ қаланың ЕҚДБ-ның Green Cities бағдарламасы аясындағы ынтымақтастығын одан әрі жалғастыру мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар тараптар қалалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға, рельсті көлік жүйесін дамытуға және «жасыл» қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалану арқылы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарына ерекше назар аударды.