ӘРБІР ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция көлемін ұлғайту, өндіріс орындарын көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы міндеттерді жүйелі түрде айқындап келеді. Президент жүктеген тапсырмаларға сәйкес Түркістан облысында инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде.

Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралды. Басқосуда өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы сараланып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қазіргі қызметі мен алдағы даму жоспарлары талқыланды. Облыс әкімі әрбір инвестициялық жобаның өңір экономикасын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, жауапты басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Нұралхан Көшеров: 

Президент инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әрбір жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа өндіріс, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған үлес. Сондықтан бірде-бір жоба қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Құрылысы тоқтап тұрған немесе мерзімінен кешігіп жатқан жобалар бойынша нақты шешім қабылдау қажет. Егер инвестор өзіне алған міндеттемесін орындай алмаса, заң талаптарына сәйкес жер телімін мемлекетке қайтарып, оны жұмыс істеуге дайын басқа инвесторларға беру керек. Құрылыс созылмауы тиіс. Әр жоба маңызды, бірақ оның толық әрі уақытылы жүзеге асырылуы одан да маңызды, – деді.

Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қызметі жөнінде баяндама ұсынды. Жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени және өндірістік бағыттағы бірнеше қосалқы аумақтан тұрады.

2019 жылдан бері жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Оларды толық іске асыру нәтижесінде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда 58 жоба пайдалануға беріліп, 3243 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Биыл Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағы оңтайландырылып, әкімшілік-іскерлік және тарихи аймақтардың бір бөлігі қысқартылды. Соның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан бірқатар жер телімдері жалпы қолданысқа қайтарылып, Түркістан қаласының жер және мүлік салығынан түсетін бюджет кірісі жыл сайын шамамен 657,7 миллион теңгеге артады.

Жиында әкімшілік-іскерлік аймақта құрылысы баяу жүріп жатқан инвестициялық жобалар жеке қаралды. Қазіргі уақытта тұрғын үй және коммерциялық нысандарды қамтитын 8 жобаның құрылысы бекітілген кестеден кешігуде. Басқарушы компания тарапынан бірнеше мәрте ескерту актілері рәсімделіп, материалдар қала прокуратурасына жолданған.

Осыған байланысты облыс әкімі жауапты мекемелерге әрбір жоба бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, мәселені жедел шешуді тапсырды.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба тіркелген. Оның алтауы іске қосылса, қалған бірқатар жобада құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Ал 365 гектар аумақты қамтитын Сауран индустриялық аймағында құны 86,9 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұндағы негізгі міндеттердің бірі – электр қосалқы станциясының құрылысын аяқтап, қажетті инженерлік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету.

Кентау қаласындағы өнеркәсіптік аймақта тіркелген жеті жобаның бесеуі іске қосылған. Қалған екі жоба бойынша өндірісті іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жалпы құны 102,1 миллиард теңгені құрайтын бес жоба тіркелген. Бұл аумақта инженерлік инфрақұрылым құрылысының қарқынын күшейту негізгі мәселелердің бірі ретінде көтерілді.

Сондай-ақ мәжілісте Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың қазіргі жай-күйі талданып, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жер мәселелерін шешу және жобаларды жедел іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиын барысында «TURAN» арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамытуға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылды. Атап айтқанда, аймақ аумағын 27,5 гектарға кеңейту, өндірістік аймақтарды толық абаттандыру, қоршаулар орнату, бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау және қатысушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылды.

Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау мемлекеттік органдар мен инвесторлардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.