ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 2 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АҒАШ ПЕН ГҮЛ КӨШЕТІН ӨСІРЕТІН ЖАҢА ТҰҚЫМБАҚ АШЫЛДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық жағдайды жақсарту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар шеңберінде Түркістан қаласында заманауи тұқымбақ пайдалануға беріліп, оның жылыжай кешенін кеңейту жұмыстары қолға алынды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жаңа тұқымбақтың қызметімен танысып, жобаны одан әрі дамыту бағыттарын талқылады. Сонымен қатар өндірістік әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды жетілдіру және өңірді көгалдандыруға қажетті ағаш пен гүл көшеттерінің көлемін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл алқапты көбейтуді тапсырды. Бізде барлық мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалада ашып, еліміздің басқа өңірлерін көшетпен қамтуымыз керек. Екіншіден, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Әр тұрғын өз үйінің ауласына ағаш ексе, экология жақсарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 жылда Түркістанның ауа райы өзгеріп, температура сәл төмендеді. Бұның бәрі – көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі, – деді.
«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Жалпы аумағы 10 гектар болатын нысанның құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Күтіп ұстаушы әрі жауапты мекеме ретінде «SK Geokart» ЖШС айқындалған. Қысқа мерзім ішінде гүлдер мен ағаш көшеттерін өсіру жұмыстары нәтижесін бере бастады. Алдағы уақытта тұқымбақтың жылыжай аумағын ұлғайту, асфальт жол төсеу, табиғи газ бен ауыз су желілерін жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Арыс–Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және өсімдіктердің сапасын жақсарту мақсатында арнайы зертхана ашу көзделген.
Жаңа тұқымбақ толық өндірістік қуатына шыққанда мұнда жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі. Өндірілетін көшеттер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға бағытталып, өңірдің жергілікті көшетке деген сұранысын қамтамасыз етеді.
Президенттің республика аумағына 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет егілді. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспардың артығымен орындалуы күтіледі.
