АПТА САЙЫН СЕНБІЛІК ӨТУДЕ
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде кең көлемді сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстарына 2 мыңға жуық адам атсалысты. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, коммуналдық сала өкілдері, еріктілер, жастар және аудан тұрғындары белсенді қатысты.
Сенбілік барысында аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, скверлер, әлеуметтік нысандардың маңы мен қоғамдық кеңістіктер қоқыстан тазартылып, арық жүйелері мен жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді. Бұдан бөлек, жол жиектері мен халық көп шоғырланатын аумақтарда бей-берекет жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – ауданның санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің көркін арттыру. Осы бағытта аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес тазалық жұмыстары сенбілікпен ғана шектелмей, тұрақты негізде жалғасып, ауданның барлық аумағында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілетін осындай ауқымды шаралар өңірдің тазалығы мен абаттануына оң ықпал етіп қана қоймай, тұрғындарды ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды қоғамдық бастамаға айналуда.
