МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНІҢ БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысында жанар-жағармай нарығындағы баға тұрақтылығын сақтау және мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалдануына тосқауыл қою мақсатында кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің тапсырмасына сәйкес, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен бақылау жұмыстарын ұйымдастырды.
Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша аудан әкімдіктері мен сауда нысандарына жанар-жағармай бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ мұнай өнімдерінің шекара арқылы заңсыз шығарылуына жол бермеу жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Өңірдегі ахуалды тұрақты бақылауда ұстау мақсатында «Қапланбек» шекара бекетінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының мамандары жұмылдырылып, мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалдану фактілерінің алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Бақылау іс-шаралары барысында жанар-жағармай тасымалдайтын автокөліктерге арнайы тексерулер жүргізіліп, заңсыз айналымның алдын алу тетіктері күшейтілді. Жыл басынан бері мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 77 құқық бұзушылық фактісі анықталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 4,2 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірдегі мұнай өнімдері нарығындағы баға тұрақтылығын сақтау, сондай-ақ олардың заңсыз тасымалдануына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды тұрақты негізде жалғастыруда. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынып, белгіленген іс-шаралар жүйелі әрі кешенді түрде іске асырылып келеді.
