ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ ЕСКЕРТІЛДІ
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес арнайы мобильді топ жасақталып, аудан көлемінде тазалықты сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бақылау іс-шаралары қарқын алды.
Мобильді топтың қатысуымен саябақтарда, скверлерде, өзен-көл жағалауларында, демалыс орындарында және тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық аумақтарда рейдтік тексерулер ұйымдастырылды. Бақылау барысында санитарлық талаптарды сақтамау мен қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша барлығы 34 құқық бұзушылық дерегі тіркелді.
Рейд нәтижесінде қоғамдық орындарда, демалыс аймақтарында, саябақтар мен базар маңында анықталған заң бұзушылықтарға байланысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 34-2-бабы бойынша 15 азаматқа, ал 505-бабы бойынша 13 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Құқық бұзушыларға жалпы көлемі 547 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Аудан аумағында тазалық мәдениетін орнықтыру, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан рейдтік әрі профилактикалық жұмыстар алдағы кезеңде де жүйелі түрде жалғасын табады.
Сонымен қатар тұрғындарға қоғамдық орындарда тазалықты сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар ауданның келбетін жақсартуға, экологиялық жағдайды оңалтуға және тұрғындар үшін жайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
