МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ БАЯНДАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Кездесу барысында Президентке мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін іске асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары жөнінде баяндалды.
Аида Балаева заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті дамыту, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар еліміздің мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау және білікті мамандар даярлау жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Кездесу барысында мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылып, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Сондай-ақ ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, адами капиталды дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және әлеуметтік сала инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларында Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Сонымен қатар Президент өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін тиісті мемлекеттік органдардың қызметін одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.
