ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС ҚАЗАҚСТАНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту, қоршаған ортаны сақтау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тазалық шаралары барлық ауылдық округтерде бір мезгілде өткізілді. Оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсенді қатысты.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік барысында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көріп, олардың орындалу барысымен танысты. Сонымен қатар тұрғындарды туған жердің тазалығын сақтауға бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосуға шақырды.
Сенбілік аясында көшелер, аулалар, саябақтар және қоғамдық аумақтар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, шөп шабылып, арық-атыздар тазаланды.
Жиналған қоқыс арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген полигондарға жеткізілді.
