ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТАБИҒИ ГАЗДЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиында өңірлердегі газдандыру жұмыстарының жүзеге асырылу барысы, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Үкімет отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысып, өңірдегі газ саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Облыс аумағында табиғи газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы газдандыруға арналған 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, оның 45-і пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Қалған 42 нысанның құрылысы биыл аяқталады.

Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл – өңірдегі 1 млн 887 мыңнан астам тұрғын немесе халықтың 88 пайызы.

Баяндама барысында облыс әкімі өңір үшін маңызды жобалардың бірі – Созақ ауданын газдандыру жұмысына арнайы тоқталды. Биыл алғаш рет облыстың солтүстігіндегі Созақ ауданына табиғи газ жеткізіліп, Жамбыл облысынан жоғары қысымды газ құбыры тартылды. Нәтижесінде аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды. Сонымен қатар сағатына 30 мың текше метр газ өткізу қуатына ие «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, алдағы кезеңде өзге елді мекендерді де табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтуға мүмкіндік береді.

Нұралхан Көшеров: 

Өңір тұрғындарын сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 90 пайызға жеткіземіз. Қосымша жобаларды іске асыру арқылы бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Созақ ауданына алғаш рет табиғи газдың жеткізілуі – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің нақты қолдауының нәтижесі. Өңір тұрғындары осы қолдау үшін шынайы ризашылықтарын білдіреді. Түркістан облысында газ саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді.

Биыл өңірде 74 газдандыру нысанының құрылысына 13,7 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін олардың 33-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылып, облыстағы газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді. Осылайша 640 елді мекендегі шамамен 2 миллион тұрғын табиғи газдың игілігін пайдаланады.

Сонымен қатар қосымша 28 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Жалпы құны 23,6 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім жолданды. Қолдау көрсетілген жағдайда тағы 28 елді мекендегі 65 мың тұрғын табиғи газға қосылып, облыстың газдандыру деңгейін 92 пайызға жеткізуге мүмкіндік туады.

Қазіргі таңда облыста табиғи газ тартылмаған 161 елді мекен бар. Оның ішінде 36 елді мекендегі тұрғындар санының аз болуына байланысты оларды газдандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ал қалған 125 елді мекендегі 160 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.