ПРЕЗИДЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ БОЙЫНША БІРҚАТАР МІНДЕТ ЖҮКТЕДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы есебін тыңдады.

Бас аудитор есепті кезеңде жалпы сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілгенін баяндады. Аудит жұмыстары өңірлердің жекелеген жергілікті атқарушы органдарын, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын және бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыған.

Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою арқылы мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылғаны айтылды. Сонымен қатар Үкімет пен аудит жүргізілген нысандарға 35 ұсыным және 413 нұсқама жолданған.

Мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен ұлттық заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам қалыптастырудың жаңа қағидалары қабылданып, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қатысты қазыналық бақылау күшейтілді. Сондай-ақ жылдың төртінші тоқсанында бюджетке түзету енгізуге тыйым салынды.

Кездесу барысында жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да мәлімет берілді.

Әлихан Смайылов биылғы екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Оның төртеуі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қызметіне, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне аудит жүргізіледі. Бұдан бөлек, газ саласы, инвестициялық жобалар, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, жекелеген ұлттық жобалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы да тексеруден өтеді.

Сонымен қатар Жаңа Құрылтаймен өзара іс-қимыл шеңберінде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына бағалау жүргізілетіні атап өтілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге басымдық беріп, осы бағытта бірқатар нақты тапсырма жүктеді.