1138,1 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙТЫН 224 НЫСАНДА ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде автомобиль жолдары саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Басқосуда облыс әкімі Нұралхан Көшеров жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың барысына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, аудан және қала әкімдеріне жол құрылысы нысандарындағы жұмыстарды жеделдетуді, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді, сапасыз орындалған жұмыстар бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылдауды, жол бойындағы сервистік орталықтар мен санитарлық-гигиеналық тораптарды белгіленген талаптарға сәйкестендіруді, автомобиль жолдарын күтіп-ұстауды және қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүйелеуді тапсырды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды.
Мәжілісте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Примбетов атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндама жасады.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 95 пайызы, ал жергілікті маңызы бар облыстық және аудандық жолдардың 94,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Биыл өңірде жалпы ұзындығы 1138,1 шақырым болатын 224 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарда 22 нысан, аудандық маңызы бар жолдарда 18 нысан және елді мекендердегі 184 көшеде жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 103 нысан немесе жалпы ұзындығы 445,2 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жолдардың сапасын қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері арнайы зертханалар 532 сынама алып, талаптарға сәйкес келмеген құрылыс материалдары үшін мердігер ұйымдарға 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, мердігерлер өз қаражаты есебінен 15 мың шаршы метр немесе 119,4 млн теңгенің асфальт-бетон жабынын қайта төседі.
Жиында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жұмыстардың орындалу барысы да талқыланды. Бүгінде Түркістан облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы ұзындығы 128 шақырым болатын 6 нысанда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2026 жылы ұзындығы 104 шақырымды құрайтын «Самара – Шымкент» халықаралық автодәлізінің екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Аталған жоба аясында жолдардың сақталуын бақылау мақсатында 6 автоматты өлшеу станциясы орнатылады.
Жолдарды күтіп-ұстау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері жоспарланған шұңқырларды жөндеу жұмыстарының 86 пайызы орындалды. Сонымен қатар өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол таңбаларын жаңарту, жол белгілерін орнату, жол жабындысындағы ақауларды қалпына келтіру және жол инфрақұрылымын күтіп-ұстау шаралары бекітілген жоспарға сәйкес іске асырылып келеді.
