АЛМАТЫНЫҢ БАС АЛАҢЫ ЖАҢАША КЕЙІПКЕ ЕНДІ
Алматы қаласында Республика алаңын кешенді көріктендіру жұмыстары толық аяқталды. Жұмыс сапары аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңартылған қоғамдық кеңістікті аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.
Жалпы аумағы 4,5 гектарды құрайтын аумақта жабын толықтай жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым, сыртқы жарықтандыру жүйесі және автоматтандырылған суару желісі заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Көгалдандыру жұмыстары барысында 233 ірі көлемді ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 18 мыңға жуық көпжылдық өсімдік отырғызылып, көгал мен беде егілген жасыл белдеу қалыптастырылды.
Тұрғындардың жайлы демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа серуендеу жолдары, балалар ойын алаңы, тынығу аймақтары, екі амфитеатр және велосипед жолақтары салынды. Сонымен қатар алаң аумағында сегіз сәндік су айдыны мен жаңартылған субұрқақтар іске қосылып, 500-ден астам қалалық жиһаз элементі және 129 заманауи жарық шамы орнатылды.
Бұдан бөлек, Сәтбаев көшесінде қоғамдық көліктің жаңа аялдамасы пайдалануға беріліп, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері ұйымдастырылды әрі барлық санаттағы тұрғындарға қолайлы кедергісіз орта қалыптастырылды.
Алматы қаласының әкімі аталған жобаның қала тұрғындары үшін қолайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Дархан Сатыбалды:
– Сәтбаев көшесінің бойындағы жұмыс толық аяқталғаннан кейін бұл аумақ серуендеуге, демалуға және түрлі іс-шара өткізуге арналған біртұтас заманауи қоғамдық кеңістікке айналады, – деді.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Республика алаңы қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалысқа, серуендеуге және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған қолайлы әрі тартымды қоғамдық кеңістік ретінде жаңа келбетке ие болды.
