ОБЛЫС ӘКІМІ БӨГЕН СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мерекеге сала ардагерлері, гидротехниктер, инженерлер, шлюз реттеушілер, гидрометрлер және су шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Басқосуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды еңбегіне тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Су – тіршіліктің қайнар көзі ғана емес, елдің тұрақты дамуының, азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық өсімінің басты кепілі. Сіздер жыл он екі ай, тәулікпен санаспай еңбек етіп, көктемгі тасқын кезінде де, жазғы вегетациялық кезеңде де су нысандарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етесіздер. Диқандардың берекелі өнімі мен елді мекендердің тұрақты сумен қамтылуы – сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің нәтижесі. Су ресурстарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Өңірдің су шаруашылығы жүйесіне 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 1 794 тік ұңғыма және 1 256 қашыртқы кіреді. Биыл су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артып, толу деңгейі 50 пайызға жетті. Сала инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында Ислам даму банкіне жалпы құны 166 миллиард теңгеге жуық жобалар ұсынылып, олардың алғашқы кезеңіндегі тоғыз жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Өткен жылы 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 164 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мерекелік іс-шара барысында елдің амандығы, жауын-шашынның мол болуы және су қорының артуы үшін тасаттық беріліп, ақсақалдар ақ батасын берді. Қатысушылар «Бөген» су қоймасының қазіргі жай-күйімен де танысты.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалына канал бойында еңбек ететін су реттеуші мұраптарға арналған 25 мотоцикл мен 4 трактор табысталған болатын. Жиын барысында аталған техникалар облыс әкімі мен көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты жиын аясында су шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар маман Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың марапаттарымен наградталды. Мерекелік бағдарлама танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасып, еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді.