СҰРАНЫСТАҒЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАНАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары аясында №19 көпсалалы колледждің қызметімен танысты. Өңір басшысы білім ордасының материалдық-техникалық әлеуетін қарап, оқу кабинеттері мен аумағын аралады. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау және оқу орнын бітіруші түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударып, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Колледж директоры Айдарбек Илиясов оқу орнының бүгінгі қызметі мен алдағы даму жоспарлары жөнінде баяндама жасады.
2014 жылы пайдалануға берілген колледж 425 студентке арналған. Үш қабатты ғимаратта 36 оқу аудиториясы орналасқан. Қазіргі таңда мұнда 54 оқытушы 11 мамандық бойынша білім береді. Атап айтқанда, ветеринария, дәнекерлеу ісі, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, ауыл шаруашылығын механикаландыру және басқа да еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлануда.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және экономиканың түрлі салаларына қажетті білікті кадрлар даярлау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
