«БӘЙДІБЕК АТА» СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су нысандарын жөндеу және жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Қазіргі таңда өңірдегі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық құрылыс нысандарындағы жұмыстардың орындалу барысы тұрақты бақылауда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында салынып жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы жауапты сала мамандарына нысанның құрылысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңызын ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Бәйдібек ата» су қоймасының жобалық құны 15,7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «МК Технострой сервис» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Су қоймасы 680 гектар аумақта орналасады, ал сыйымдылығы 67 млн м3 болады. Нысанға келетін су Бөген өзенінен жеткізіледі. Сонымен қатар канал жүйесі арқылы 9,7 мың гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Су қоймасының негізгі мақсаты – көктемгі тасқын суларының алдын алу, артық суды жинақтап, оны суару маусымында тиімді пайдалану және «Бөген» су қоймасын толықтыруға бағыттау.
