ТҮРКІСТАН – ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП АСТЫҚ ОРАҒЫН АЯҚТАУҒА ЖАҚЫН
Түркістан облысында елімізде алғашқылардың бірі болып астық жинау науқаны мәресіне таяды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары аясында Қ.Әбдәлиев ауылдық округінде орналасқан «Үшбастау» өндірістік кооперативіне барып, егін орағының барысымен танысты. Биыл дәл осы шаруашылықта піскен бидай республика бойынша алғашқылардың бірі болып қамбаға құйылып жатыр.
Өңір басшысы астық жинау жұмыстарының ұйымдастырылу деңгейін көріп, шаруашылықта қолданылып жатқан заманауи агротехнологиялар мен өндірістік мүмкіндіктерге қанықты. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, кәсіпкерлер және диқандармен пікір алмасты.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Біз осы бағытта жұмысты күшейтіп жатырмыз. Мемлекеттік қолдауларды тиісді пайдаланып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ізденіс, еңбек, өзгеріс қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарына сенім артылады. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деді.
2002 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Үшбастау» өндірістік кооперативі биыл 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа еккен.
Шаруашылық соңғы жылдары су үнемдеуге бағытталған нөлдік технологияны жүйелі түрде пайдаланып келеді. Биыл бұл әдіс 600 гектар бидай алқабына енгізілген. Аталған технология топырақтың құнарлылығын сақтауға, ылғалды барынша тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Кооперативтің 2500 тонна астық сақтайтын қоймасы, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен астық оратын комбайндары бар. Мұнда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде тағы 20 адам еңбек етеді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және алдағы жоспарлар таныстырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында егін орағы науқаны қарқынды жалғасуда. Соңғы сегіз жыл ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге өсіп, 551,1 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарды құрады. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді.
