БИЫЛ 50 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТӘУЛІК БОЙЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірдегі елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Басқосуда ауыз су жүйелерінің бүгінгі жай-күйі, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейі, өзекті мәселелер мен оларды шешу тетіктері жан-жақты талқыланды.

Кеңеске облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Оңтүстікауызсу» филиалы, табиғи монополия субъектілері мен жауапты мекемелердің басшылары қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде есеп берді.

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Оның ішінде 7 қала мен 794 ауылдық елді мекеннің тұрғындары ауыз су инфрақұрылымына қол жеткізген. Дегенмен, салада шешімін күткен мәселелер де бар. Осыған байланысты ауыз су жүйелерін толық жетілдіруге арналған 2026–2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

Жоспарға сәйкес, биыл Арыс қаласы, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мың тұрғын тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған елді мекендердегі түйткілдер кезең-кезеңімен шешіліп, қажетті жобалар қаржыландыруға ұсынылады.

Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 36 ауыз су нысанының құрылысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тозығы жеткен 7 елді мекендегі су құбырлары толық жаңартылып, тағы 7 елді мекеннің 32,7 мың тұрғыны тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылады. Қалған 26 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі болып белгіленген.

Сонымен қатар облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Биыл бұл бағытқа 2,7 млрд теңге бөлініп, 27 нысанда жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін 21 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары толық жаңартылады.

Өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар да жалғасып келеді. 2025–2029 жылдары ауыз су және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 42,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде ауыз су желілерін жаңартуға 34,5 млрд теңге бағытталып, 511 шақырым су құбыры жаңартылады. Соның нәтижесінде 2029 жылға қарай ауыз су желілерінің тозу деңгейі 34,7 пайыздан 28,7 пайызға дейін төмендейді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Облыс басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына су кестесімен берілетін елді мекендердің мәселесін созбалаңға салмай шешуді, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын күшейтуді, қаржының тиімді әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар «МЭКС» электрондық платформасын енгізу, есептегіш жүйелерін цифрландыру, су шаруашылығы нысандарын күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелеп, халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді міндеттеді.