ДОТАЦИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚАТАРЫНАН ШЫҒУ ЖОЛДАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті Инвестициялық штабтың отырысы өтті. Басқосуда өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы сараланып, 2026 жылы іске асырылатын бастамалар мен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Облыс басшысы жобаларды іске асыру мерзімін кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің жұмысын сынға алып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы уақытқа дейін инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бірақ мұнымен шектелмей, керісінше, жұмыс қарқынын арттыруымыз қажет. Өкінішке қарай, кейбір аудан, қала әкімдіктерінде бұл бағыттағы жұмыс өз деңгейінде емес. Әр басшының өзіндік жұмыс жоспары, бағдарламасы болады. Менің басты бағытым – өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту, терең өңдеу саласын дамыту және облысымызды дотациялық аймақтар қатарынан шығару. Әрине, бұл бір күнде, бес жылда шешілетін нәрсе емес. Бірақ жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Мысалы 2023 жылы облыстың өзіндік пайызы 10 пайыздан асатын болса, қазіргі таңда 20 пайызға жетіп отыр. 10 жылда Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналдыруға толық мүмкіндігіміз бар. Біз облыс экономикасын көтеру үшін терең өңдеуге басымдық беруіміз керек. Әр ауданның мүмкіндігі сараланып, сараптама нәтижелері сіздерге жіберілді. Сол бағытта нақты жоспар жасап, бір ай көлемінде ұсыныңыздар. Өндірістік парктерді дамытып, жаңа кәсіпорын ашу бағытындағы жұмысты күшейтіңіздер. Халыққа керегі де – осы, – деді.

Мәжіліс барысында Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қайып ата» компаниялар тобының инвестициялық жобалары қаралды. Атап айтқанда, етті терең өңдеу комбинатының, түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыттың, сүрлем және астық сақтау қоймаларының, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын шығаратын өндірістің, мал биржасының, сондай-ақ Арыс қаласында 35 мың басқа арналған бордақылау кешенінің және жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өсіру жобаларының орындалу барысы баяндалды.

Сонымен қатар Түлкібас ауданында салынып жатқан «Майлыкент Ферм» тауарлы сүт фермасының, Жетісай ауданындағы «Агросут» сүт өңдеу зауытының, Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» серіктестігінің 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының және «Түлкібас құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тік интеграцияланған бройлер құс фабрикасы құрылысының қазіргі ахуалы талқыланды. Сондай-ақ Мақтаарал және Келес аудандарының әкімдері 2026 жылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар мен шетелдік капиталды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды, инвесторлармен тұрақты кері байланысты қамтамасыз етуді және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруды тапсырды. Сонымен бірге өңірде өндірістік парктерді дамыту және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.