ТҮРКІСТАНДА ЛАМИНАТ ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи ламинат шығаратын зауыты пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде бірқатар маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандырып, өңдеу өнеркәсібін және импортты алмастыруды дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай облыстың экспорттық және импорттық әлеуетіне кешенді талдау жүргіздік. Соңғы үш жылда өңірімізге 1,5 трлн теңгенің импорттық тауары жеткізілді. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 880 млрд теңгенің өнімі сырттан әкелінген. Жүргізілген талдау нәтижесінде 73 млрд теңгенің импорттық тауарын өзімізде өндіруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Осы бағытта өткен жылы жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаны іске қостық. Қазір импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылуда. Бүгін іске қосылып отырған ламинат зауыты – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Біз өңірде импортты алмастыратын өндірістерді көбейтіп, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды, өндірістік инфрақұрылымды дамытуды алдағы уақытта да жалғастырамыз. Бұл жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады, – деді.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті жылына 840 мың шаршы метр ламинат өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы кезеңінде 65 тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылған соң тұрақты жұмыспен қамтылатын азаматтар саны 150 адамға дейін ұлғаяды.
Жаңа өндіріс орны Қазақстанның құрылыс материалдары нарығын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге ықпал етеді. Сонымен қатар алдағы кезеңде кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия мемлекеттері мен өзге де шетелдік нарықтарға экспорттау жоспарланған.
Өз кезегінде «Qaz Natural Laminat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Луо Ионг аталған жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Түркістан облысының әкімдігіне және серіктес ұйымдарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, кәсіпорында халықаралық талаптарға сәйкес келетін озық технологиялар енгізілген және жоғары сапалы өнім шығарылады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру әрі экспорттық бағыттарды кеңейту көзделіп отыр.
Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын іске қосу және өнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
