«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАРДЫҢ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаевамен кездесті. Басқосуда өңірде іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың нәтижелері қорытындыланып, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары талқыланды.
Облыс басшысы қор тарапынан Түркістан өңіріне көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін ризашылығын білдіріп, өзара әріптестіктің басты мақсаты өңірдің адами капиталын дамыту екенін атап өтті. 2022 жылдан бері қордың қолдауымен облыста жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылып, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларына ауқымды қолдау көрсетілді.
Нұралхан Көшеров:
– Ең алдымен, Түркістан облысына көрсетіп отырған жүйелі қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз Қормен арадағы әріптестікті бір реттік көмек емес, өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық деп бағалаймыз. Бүгінде Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1800 орындық жаңа буынды дамыту орталықтары салынып жатыр. Облыс әкімдігі олардың құрылысы мен инфрақұрылымына қаржы бөлді. Қор тарапынан оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды сұраймыз. Бұл ауылдық және шекара маңындағы аудандардағы мыңдаған балаға жаңа мүмкіндік береді, – деді.
Кездесу барысында «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасының орындалу барысы да қаралды. Қордың қолдауымен өңірдегі 100 ауыл мектебіне 300 заманауи пән кабинеті жабдықталмақ. Сонымен қатар облыс әкімдігі пән кабинеттерін жаңғыртуға және 4,5 мыңнан астам педагогтің біліктілігін арттыруға қажетті қаржыны қарастырып отыр.
