МИНИСТР ЖЫЛЫНА 30 МЫҢ ТОННА ЕТ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСІМЕН ТАНЫСТЫ
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар өндірістік нысандардың қызметімен танысты. Сапар аясында Манкент елді мекенінде орналасқан «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатына барып, өндірістік үдерістің жай-күйін және кәсіпорын жұмысының сапасын зерделеді. Министр жауапты сала мамандарына жоба аясындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ экспорт көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Айдарбек Сапаров пен Нұралхан Көшеров кәсіпорын ұжымымен және жергілікті шаруалармен кездесіп, ет өндірісін дамыту, мал шаруашылығының әлеуетін арттыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кәсіпорында жылына 30–40 мың тонна ет өндіріледі. Құрылыс жұмыстары өткен жылы толық аяқталған. Өндіріс орны 460 гектар аумақта орналасқан. Мұнда жылқы, ірі қара және ұсақ мал еті терең өңдеуден өткізіледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс орны заманауи технологиялармен және жоғары деңгейдегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Экспорт көлемі жыл сайын артып келеді. Өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 50 пайызы сыртқы нарыққа экспортталады.
Айта кетейік, республика көлемінде Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту және ет экспортын жүзеге асыру көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда тұр. Өңірде ет өндірісі қарқынды дамып, мал бордақылау алаңдары мен заманауи ет комбинаттарының саны артып келеді. Соның нәтижесінде өндірістің толық циклі қалыптасып, кәсіпорындар халықаралық талаптарға сай заманауи технологиялармен жабдықталып, сапалы өнім өндіруге басымдық беріп отыр.
