ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен «дөңгелек үстел» форматында кездесу өткізді. Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытта сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

« — Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан – Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді», – деді.

Президенттің айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастырды.

«Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз», – деді.

Президент соңғы жылдары екі ел бірлесіп көптеген стратегиялық жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, заманауи технологиялар енгізіліп, өнеркәсіптік кооперация нығайды. Қазіргі таңда Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group-пен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group-пен мақта-тоқыма кластері салынуда. Сонымен қатар Қазақстанда HOWO, Yutong және JAC автомобильдері шығарылса, өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery мультибрендті өндірісі іске қосылды. Президенттің айтуынша, мұның бәрі екіжақты әріптестіктің инновацияға, жоғары технологияға және өнеркәсіпті жаңғыртуға негізделгенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Шанхайдың жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі екенін айтып, Қазақстан цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні экономикалық өсудің басты факторларының бірі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады», – деді.

Мемлекет басшысы қытайлық технологиялық компанияларды осы бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Huawei Technologies арасында стратегиялық серіктестік туралы келісім, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Huawei Technologies арасында технологиялық шешімдер мен жабдықтарды сатып алу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ мен HV & Submarine Hengtong Group «Дата-орталықтар алқабын» дамыту жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойды. Qazaq AI Research University мен Shanghai Innovation Institute, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі, NERO Group және UBTECH Robotics арасында жасанды интеллект пен робот техникасын дамытуға бағытталған құжаттар қабылданды.

Президент Қазақстанды Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы ретінде дамыту стратегиялық мақсат екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«- Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз. Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы», – деді.

Осы бағыттағы келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және Kazakhstan Guoyou Investment арасында Құрық портының бірінші кезеңінде көпфункционалды терминал салу жөніндегі инвестициялық келісім жасалды. Harvest Group пен Minmetals Logistics Group «Қазақстан – Қытай халықаралық логистикалық дәлізі («Қорғас – Шығыс қақпасы» екі паркі)» жобасы бойынша эксклюзивті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар «Транстелеком» АҚ мен GuoDong Group арасында антенналық-діңгекті құрылыстар салу туралы шарт жасалды.

Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын да перспективалы бағыт ретінде атап өтіп, Қазақстан стратегиялық ресурстар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екенін және халықаралық серіктестермен бірлесіп қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға басымдық беретінін айтты.

Президент ауыл шаруашылығын цифрландыру мен AgriTech технологияларын дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«- Қазақстан қатарынан екі жыл 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп кәсіпорны «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді, тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз», – деді

Осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жоғары технологияларды енгізу және өндірістік кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.

Президент сондай-ақ Digital by Default қағидаты бойынша дамытылып жатқан Алатау қаласының болашағына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«— Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, энергияны үнемдейтін нысандардың және озық телекоммуникациялық инфрақұрылымның негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін»,- деді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын айтып, басты мақсат тек капитал тарту емес, бірлескен технологиялық өндірістерді, ғылыми-зерттеу орталықтарын және білім экономикасын дамыту екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құруға, жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі басқосуымыз жаңа бірлескен жобаларға, ауқымды инвестицияларға жол ашады деп сенемін», – деді.

Кездесу барысында машина жасау, цифрлық технологиялар, қаржы, инфрақұрылым, металлургия, ғылым және білім беру салаларын қамтитын бірқатар маңызды коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Li Auto автокөліктерін Қазақстанда өндіру жөніндегі өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісім, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында OMODA және JAECOO автомобильдерін шығару жөніндегі техникалық-лицензиялық келісім, Qarmet кәсіпорнындағы №8 және №9 кокстық батареялар кешенін салу жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім, электр көлігі инфрақұрылымын дамыту және автомобиль өнеркәсібінде жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі меморандум, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сучжоу университеті арасында бірлескен институт құру туралы келісім және басқа да маңызды құжаттар рәсімделді.

 

Жалпы, Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары және Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, ғылым, білім беру және басқа да жоғары технологиялық салаларды қамтиды. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне серпін беріп, Президент айқындаған технологиялық жаңғыру, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған.