ҚЫТАЙ БИЗНЕСМЕНДЕРІМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨҢІРЛЕРІНДЕ ӨНДІРІС АШУ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысы Қытайдың жетекші технологиялық және инфрақұрылымдық компанияларының басшыларымен стратегиялық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесулерде әлемдік жоғары технологиялар, энергетика, көлік-логистика және өнеркәсіп салаларындағы жетекші қытайлық компаниялардың басшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізілді.
Президент келіссөздер барысында Қазақстанның цифрлық экономика құру, жасанды интеллектіні дамыту, жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыру, көлік-логистикалық әлеуетті күшейту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы басымдықтарына ерекше тоқталды. Сонымен қатар мемлекетіміздің ұзақмерзімді индустриялық саясатына сәйкес жүзеге асырылатын бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды.
Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект
Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстанның заманауи цифрлық экономика қалыптастыруға, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты.
Президент өңірде Xiaomi брендіне сұраныс артып келе жатқанын атап өтіп, компанияның озық технологияларды дамытудағы тәжірибесін ескере отырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеуіш қуаттар, «бұлтты» технологиялар және цифрлық платформалар бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Өз кезегінде Лу Вэйбин корпорацияның стратегиялық даму жоспарымен таныстырып, Қазақстан мен Орталық Азияда дистрибуция жүйесін дамытуға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар күрделі жасанды интеллект жүйелеріне қызмет көрсететін жергілікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның электромобильдер өндірісін, аккумулятор жасауды және интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға мүдделі екенін айтып, Xiaomi компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейтуге бағытталған барлық бастамасын қолдауға дайын екенін растады.
Жоғары технологиялық өндіріс және аккумулятор индустриясы
CATL директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен кездесуде Президент компанияның Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу бастамасын қолдады.
Мемлекет басшысы мұндай кәсіпорын Орталық Азиядағы осы бағыттағы алғашқы ірі өндіріс орны болуы мүмкін екенін айтып, Қазақстанның шикізатты өндіруден бастап оны терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруға барлық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Пань Цзянь Қазақстан CATL үшін негізгі стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтіп, компанияның еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсатына үлес қосуға дайын екенін айтты.
CATL – электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы. Компания әлемдік нарықтың шамамен 40 пайызын иеленеді. 2025 жылдың қорытындысында аккумулятор өнімдерін сату көлемі 661 ГВт/сағатқа жетіп, жалпы табысы 62,6 миллиард долларды, ал таза пайдасы 10,6 миллиард долларды құрады.
Көлік-логистика және энергетика
China Communications Construction Company (CCCC) президенті Чжан Биньнаньмен кездесуде Қазақстанның көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған жобалар қарастырылды.
Президент Бақты – Аягөз теміржолының стратегиялық маңызына тоқталып, бұл желі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын едәуір арттыратынын айтты.
Сонымен қатар Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізетін бірлескен кәсіпорын құру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы мұндай кәсіпорын Каспий өңіріндегі теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өңірлік орталыққа айналатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясын салу жобасы да сөз болды. Президент осы сапар кезінде жобаны бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылғанын құптап, қуаттылығы 600 МВт болатын нысан Алматы облысындағы Қарғалы өзенінде салынатынын және ұлттық энергия жүйесінің тұрақтылығын күшейтетінін атап өтті.
Порт инфрақұрылымы және транзиттік әлеует
Guoyou Materials Industry Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянмен кездесуде Құрық көпфункционалды портының құрылысы талқыланды.
Президент Қазақстанның Еуразиядағы толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін айтып, мультимодальді порт хабын құру бастамасын қолдады.
Компания Маңғыстау облысында Құрық көпфункционалды портын салып, алғашқы кезеңде оның өткізу қабілетін жылына 15 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның теңіз және теміржол логистикасын тиімді ықпалдастырып, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
