ЖИ ДӘУІРІНДЕГІ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК: ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ШАНХАЙ БАСТАМАЛАРЫ
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияның (WAIC) ашылу рәсіміне қатысып, жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің болашағына қатысты Қазақстанның ұстанымын таныстырды. Биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбымен өткен алқалы жиын әлемнің жетекші мемлекеттері мен технологиялық компанияларының басын қосып, жасанды интеллектіні дамыту, оны қауіпсіз әрі жауапты пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылаудың маңызды алаңына айналды.
Өз сөзінде Президент ең алдымен Қытайдың жасанды интеллект саласындағы көшбасшылық рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлемдегі жасанды интеллект зерттеушілерінің жартысынан астамы Қытайда еңбек етеді, ал ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашылдарға тиесілі. Бұл көрсеткіштер елдің қуатты ғылыми әлеуеті мен инновациялық экожүйесінің нәтижесі екенін атап өткен Мемлекет басшысы Қытайдың технологиялық серпілісі бүкіл әлем үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.
Президент конференция барысында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін жасанды интеллект» тұжырымдамасына қолдау білдіріп, технологиялық прогресс бүкіл адамзаттың ортақ игілігіне айналуы тиіс деген ұстанымын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды», – деді.
Президент осы ретте Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығы» тұжырымдамасының қазіргі геосаяси жағдайда өзектілігі арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттер арасындағы сенім мен әріптестік бұрынғыдан да маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Қытайдың даму жолына тоқталып, Си Цзиньпиннің көшбасшылық қызметіне жоғары баға берді.
«- Біздің елде Си Төрағаны тарихи ауқымдағы біртуар көшбасшы деп есептейді. Оның парасатты әрі орнықты басшылығымен Қытай елі осынау дүрбелеңге толы, болжаусыз әрі қақтығыстардан көз ашпаған әлемде жаңа табыстарға батыл қадам басып келеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы небәрі қырық жыл ішінде Қытайдың кедейлікті толық еңсеріп, жоғары технологиялар саласында әлемдік көшбасшыға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдің ұзақмерзімді стратегиясының және тиімді мемлекеттік басқарудың нақты нәтижесі.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ — ЖАҢА ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗЕГІ
Президенттің сөзіндегі негізгі ойлардың бірі – жасанды интеллекттің ендігі жерде тек технологиялық жаңалық емес, жаһандық экономиканың жаңа инфрақұрылымына айналып келе жатқаны болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ деректеріне сүйене отырып, жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын инвестициялар жыл сайын орта есеппен 47 пайызға өсіп отырғанын, ал 2033 жылға қарай әлемдік ЖИ нарығының көлемі 5 триллион долларға жетуі мүмкін екенін айтты.
Осыған байланысты Президент жасанды интеллектіні дамыту тек есептеу қуатын арттырумен немесе жаңа бағдарламалар жасаумен шектелмеуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«- Жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет», – деді
Президенттің пікірінше, қазіргі таңда әлем геосаяси сенім дағдарысын бастан өткеріп отыр. Осындай жағдайда жасанды интеллект жаңа текетірестің құралына емес, керісінше қақтығыстардың алдын алатын, гуманитарлық көмек көрсетуді жеңілдететін және бітімгерлік бастамаларды күшейтетін құралға айналуы тиіс.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МОДЕЛІ
Президент өз баяндамасының маңызды бөлігін Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы стратегиялық жоспарларына арнады. Еліміздің энергетикалық ресурстары, сирек кездесетін минералдар қоры, халықаралық көлік дәліздері мен қарқынды дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылымы Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық тоғысудың маңызды орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиясының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
— 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды;
— Digital Kazakhstan–2029 ұлттық стратегиясы қабылданды;
— Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс күшіне енді;
— Астанада Smart City платформасы іске қосылды және ол алдағы уақытта еліміздің барлық ірі қаласына енгізіледі;
— Алатау қаласы Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық қала ретінде дамытылады.
Президенттің пікірінше, бұл бастамалардың барлығы Қазақстанның тек технологияны тұтынушы емес, оны әзірлейтін және экспорттайтын мемлекетке айналуына мүмкіндік береді.
ҚАЗАҚСТАН ҰСЫНҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАР
Конференция барысында Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастыққа бірнеше нақты бастама ұсынды. Ең алдымен Президент «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды. Бұл бастама цифрлық сауданы кеңейтуге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы цифрлық экономикаларды ықпалдастыруға және өндіріс, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, энергетика мен су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы:
– жасанды интеллект саласындағы ұлттық заңнамаларды өзара үйлестіруді;
– ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ халықаралық стандарттарын әзірлеуді;
– кибершабуылдар, дипфейк, цифрлық алаяқтық сияқты қатерлердің алдын алудың бірлескен тетіктерін қалыптастыруды;
– келесі жылды Қазақстан мен Қытайда «Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы» деп жариялауды ұсынды.
Бұл бастамалар Қазақстанның технологиялық күн тәртібінде белсенді ойыншы болуға ұмтылатынын көрсетеді.
ҚАЗАҚСТАН — ЖАҺАНДЫҚ AI ДИАЛОГЫНЫҢ ЖАҢА АЛАҢЫ
Президент Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан Орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын жариялады.
Сонымен қатар Қазақстан жаңадан құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшыларының бірі ретінде оның алғашқы отырысын Астанада өткізуді және ұйымның Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігін Қазақстанда орналастыруды ұсынды.
Бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік цифрлық дипломатиядағы рөлін күшейтуге бағытталған.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АДАМЗАТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
Президент баяндамасының қорытынды бөлімінде жасанды интеллектінің даму қарқыны оны түсіну мен реттеу мүмкіндігінен әлдеқайда озып кеткеніне назар аударды.
Осыған байланысты ол мемлекеттерді жасанды интеллектіні әскери бәсекелестік құралына айналдырмай, бейбітшілік пен орнықты дамуға қызмет ететін технология ретінде дамытуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым аясында жасанды интеллект стандарттары мен этикасын әзірлейтін тұрақты халықаралық сарапшылық платформаны құруды ұсынды.
Сонымен бірге халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестіктерді қалыптастыру бастамасын көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан жастарды цифрлық машықтарға, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек», – деді.
Шанхайдағы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция Қазақстан үшін халықаралық технологиялық күн тәртібіндегі жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жасанды интеллектіні тек экономикалық өсімнің құралы ретінде ғана емес, халықаралық қауіпсіздік, әділетті даму және мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтатын фактор ретінде қарастырды.
Қазақстан ұсынған «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірі», жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық ұйымын институционалдық тұрғыдан нығайту, ортақ стандарттар әзірлеу, халықаралық мектептер мен зерттеу орталықтарын құру жөніндегі бастамалар еліміздің жаһандық цифрлық басқару жүйесіне белсенді қатысуға дайын екенін аңғартады.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттердің табысы технологияны қаншалықты тез игергенімен ғана емес, оны қаншалықты жауапкершілікпен, әділдік қағидаттарына сүйене отырып және адам игілігі үшін пайдалана алғанымен өлшенеді. Қазақстан дәл осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, халықаралық серіктестермен бірлескен жұмысты жалғастыруға және жасанды интеллектінің бейбітшілікке, орнықты дамуға әрі адамзаттың ортақ игілігіне қызмет етуіне өз үлесін қосуға дайын.
