3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТАЗАЛЫҚҚА ТАРТЫЛДЫ
Жетісай ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, санитарлық тазалықты сақтау және дала өрттерінің алдын алу мақсатында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, коммуналдық сала мамандары, еріктілер, белсенді жастар мен аудан тұрғындарын қоса алғанда 3 мыңға жуық адам қатысты.
Сенбілік барысында елді мекендердегі саябақтар мен демалыс орындары, автомобиль жолдарының бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сондай-ақ өрт қаупін арттыратын құрғақ шөптер мен бұталар арнайы орындарға шығарылды. Бұдан бөлек, дала және орман алқаптарына жақын аумақтарға өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі ескерту белгілері мен ақпараттық баннерлер орнатылды.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде орын алатын дала өрттерінің басым бөлігі адам факторынан туындайды. Осыған байланысты мұндай профилактикалық шаралардың маңызы зор. Олар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға бағытталған.
Ауқымды сенбілік аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген жанашырлығы мен ауызбіршілігін көрсетті. Бұл шара санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, табиғи апаттардың алдын алу және қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі саналады.
Жетісай ауданында аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес экологиялық акциялар мен абаттандыру, тазалық шаралары жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
