БИЫЛ 70 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ
Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқынын күшейту және жоспарланған бастамалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Биыл өңірде іске қосу жоспарланған 67 инвестициялық жобаға қайта зерделеу жүргізіліп, олардың жүзеге асырылу деңгейіне жан-жақты талдау жасалды. Нәтижесінде орындалу тәуекелі жоғары 10 жоба анықталып, олардың орнына жаңа 13 инвестициялық жоба енгізілді. Осылайша жоспар қайта нақтыланып, жыл соңына дейін жалпы құны 793,9 млрд теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар аясында 5 190 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар әрбір жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешуді, инвесторлармен өзара ынтымақтастықты нығайтуды, жаңа инвестициялық жобаларды тарту жұмыстарын жандандыруды және өңірдің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалануды міндеттеді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 33,4 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ өңірде жаңа инвестициялық жобалардың бастамашыларымен кездесулер тұрақты түрде өткізілуде. Жуырда «Zhouzhi Country Jinzhou State-Owned Capital Investment and Operations» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде киви өсіру саласындағы тәжірибелері таныстырылды. Компания өкілдері Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне қызығушылық білдірді. Инвесторларға жылыжай кешендерін орналастыруға қолайлы аумақтарды таныстыру мақсатында Сайрам және Келес аудандарына арнайы іссапарлар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда инвестор тарапынан алдағы жұмыстарды қамтитын нақты жоспар әзірленуде.
Бұдан бөлек, «Sauran Solar Power» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қорған қабырғасын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Ал «Sin Yuan Steel» компаниясының өкілдері болат өндірісін Түркістан облысына көшіру және заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Қазіргі таңда аталған жобалар жан-жақты зерделеніп, оларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және халықты жұмыспен қамту деңгейінің артуына мүмкіндік береді.
