КОЛЛЕДЖДЕРГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту және түлектерді мамандықтарына сәйкес жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Саладағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен қаралды.

Қазіргі таңда өңірде 50 колледж тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік білім беру ұйымдары. Колледждерде 84 мамандық бойынша 39 299 студент білім алуда. Оның 32 880-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыса, 6 419-ы ақылы негізде білім алуда. Білім беру ұйымдарында ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер, гуманитарлық ғылымдар және білім беру бағыттары бойынша білікті мамандар даярлануда.

Арнайы жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, колледждерде бірқатар цифрлық платформаларды енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқытатын 46 колледж жоспарлы мониторингпен қамтылған. Атап айтқанда, студенттердің сабаққа қатысуын автоматты түрде тіркеуге арналған Face ID жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледждің 20-сында іске қосылды. Сонымен қатар қаржылық операциялардың ашықтығы мен толық қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында «Фаворит» бірыңғай бұлтты бухгалтерлік жүйесі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жасанды интеллект негізінде әзірлеген баға ауытқуларын анықтайтын «Baqylau-kz» платформасын енгізу жұмыстары жалғасуда.

«Жас маман» жобасы аясында өткен жылы 11 колледжді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2025 жылы 12 619 студент оқуын аяқтап, олардың 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 9 502 түлек жұмысшы мамандықтары бойынша нақты жұмысқа орналасты. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 10 043 түлектің 7 993-і жұмыспен қамтылды. Биыл 13 223 түлек оқуын тәмамдады. Жыл қорытындысымен түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін 83 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қаржылық тәртіпті күшейтуді, мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдерді төмендетуді және цифрлық деректердің нақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар салаға жауапты мамандарға жүктелген міндеттердің сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеп, көтерілген мәселелердің тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Алдағы кезеңде колледждерді басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, сенімгерлік басқаруға берілген колледждердің инвестициялық міндеттемелеріне кешенді талдау жүргізу, Face ID және ЖСН арқылы цифрлық сәйкестендіру жүйесін жетілдіру, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін басқарушылық дашборд қалыптастыру, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамту деңгейін арттыру және еңбек нарығына сұранысқа ие білікті кадрлар даярлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру жоспарланып отыр.