ӘКІМДЕРДІҢ ТӘРТІПТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАРАЛАДЫ
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоғамдық орындардың тазалығы мен санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері санитарлық нормаларды бұзған және қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттерге жол берген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 4 989 әкімшілік хаттама толтырылып, 147,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 95,6 млн теңгесі өндірілді. Сонымен қатар Кодекстің 505-бабы бойынша 6 453 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 33,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 26,3 млн теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыс әкімінің аппарат мәжілісінде баяндалды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, қоқыс үйінділері жиі анықталатын аумақтарда тұрақты мониторинг пен рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруды, күнделікті тазалық жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда жұмыс күшін көбейтуді міндеттеді. Сонымен қатар демалыс орындары мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына ерекше назар аударуды тапсырды.
Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, «Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы келіп түскен өтініштер саны 1 736-ға жетіп, олардың әрқайсысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктері тарапынан Кодекстің 505-бабы бойынша 3 294 хаттама толтырылып, оның ішінде 2 940 азаматқа ескерту берілді. Жалпы 18,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, бүгінгі таңда оның 10,8 млн теңгесі өндірілді.
Өткен аптада Ордабасы, Төлеби және Мақтаарал аудандарында тазалық жұмыстарының сапасына, саябақтар мен скверлердің жай-күйіне, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлер аулаларының санитарлық жағдайына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 153 кемшілік анықталды. Белгіленген кемшіліктерді толық жою бойынша аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды. Сонымен қатар елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына салғырттық танытатын ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады.
