ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысында салынып жатқан және бой көтеретін әрбір нысанның сәулеттік келбеті, құрылыс сапасы мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің сәулеттік келбетін одан әрі жақсартуға, туристік әлеуетін арттыруға және инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған 11 жоба қаралды.
Кеңес отырысында облыс әкімі ұсынылған жобалардың сапасына, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына және сәулеттік шешімдердің өңірдің өзіндік ерекшелігі мен бірегей келбетіне үйлесуіне айрықша назар аударды.
Нұралхан Көшеров:
– Заңсыз құрылысқа жол берілмейді. Барлық жобаның заң талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз етіңіздер. Әрбір жауапты тұлға өз міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындаса, ешқандай мәселе болмайды. Мақұлданған жобаларды іске асыру барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді.
Жиында Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жобасы және «Түркістан – Қарнақ» туристік маршруты аясында ашық аспан астындағы археологиялық парктің сәулеттік тұжырымдамасы таныстырылды. Сондай-ақ облыс орталығындағы көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын абаттандыру және көгалдандыруға қатысты жобалар қаралып, оларды жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстар айтылды.
Бұдан бөлек, жеке инвесторлар өз қаражаты есебінен Түркістан қаласында жалпы аумағы 1,6 гектарды құрайтын заманауи сауда-ойын-сауық орталығын, жанармай құю станциясын, автокөліктерге кешенді қызмет көрсету орталығын, сондай-ақ мейрамхана мен қонақ үй салу жобаларын таныстырды. Кеңес мүшелері аталған нысандардың сәулеттік шешімдері, функционалдық ерекшеліктері және қолданыстағы инфрақұрылымға ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Отырыс барысында жергілікті кәсіпкерлер құны 4,8 млрд теңгені құрайтын Түркістан медициналық туризм орталығын салу жобасын да ұсынды. Аталған жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің бірі шығыс сәулет үлгісі мен ұлттық нақышты өзара үйлестіретін таунхаус кешенінің жобасын таныстырды. Бұл нысан өңірдің сәулеттік ерекшеліктері мен тарихи-мәдени келбетін сақтай отырып жүзеге асырылмақ.
Әрбір жоба бойынша жауапты тұлғалар мен инвесторларға нақты ұсынымдар берілді. Кеңес барысында мақұлданған жобалардың сапалы орындалуы, сәулеттік талаптарға және қолданыстағы заңнама нормаларына толық сәйкес жүзеге асырылуы тұрақты бақылауға алынды.
