ЖАҢА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРУ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік құрылыс компаниясының директоры Сюй Миньмен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірде жаңа индустриалды аймақ құру, заманауи қойма кешендерін тұрғызу және құрылыс жұмыстарын жеделдету бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Кездесу кезінде компания өкілдері индустриялық аймақ, бондтық қоймалар, өндірістік корпустар, жеке өндірістік нысандар, әкімшілік-тұрмыстық және сервистік орталықтар, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым салу жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда, оның инвестициялық көлемі шамамен 30 млн АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде 42-ге жуық кәсіпорын ашылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Орталық Азиядағы өнеркәсіптік кооперацияны, трансшекаралық сауданы, логистиканы және импорт көлемін арттыру, сондай-ақ өндіріс орындарын дамыту бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жолға қою көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік байланысты нығайтуға бағытталған «Орталық Азия» халықаралық индустриялық орталығын дамытуға да оң ықпал етеді деп күтілуде.

Жобаны іске асыру аясында шағын және орта кәсіпкерлік кластерін қалыптастыру, шекара маңы логистикалық торабының әлеуетін арттыру және Қытай бизнесінің Орталық Азия нарығына шығуына мүмкіндік беретін өндірістік әрі логистикалық платформа құру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Осы ретте компания өкілдері жобалық құжаттаманы оңтайландыру, қаржыландыру мәселелерін шешу, құрылыс жұмыстарын бастау және жобаны коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарды жеделдетуге дайын екендерін жеткізді.

Мердігер компания автомобиль жолдарын, инженерлік желілер мен металл конструкцияларын салу, құрылыс материалдарын импорттау және экспорттау, сондай-ақ әрлеу жұмыстарын жүргізу бағыттарында мол тәжірибеге ие.