ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ИЗМИР АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркия Республикасының Измир қаласының әкімі Джемиль Тугаймен кездесті. Басқосу барысында өңіраралық әріптестікті дамыту, инвестиция тарту, туризмді өркендету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан облысының экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде баяндап, бауырлас мемлекеттердің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достыққа, бауырластыққа, өзара сенімге және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынастың өңіраралық деңгейдегі жарқын көрінісі. Жақында Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өткен болатын. Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасып, халықаралық талаптарға сай туристік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Түркістан өңірі – туризм, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Алдағы уақытта екі өңір арасында бауырластықты нығайтуға, түрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Біз тәжірибе алмасуға, бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыруға және жан-жақты жұмыс жасауға дайынбыз, – деді.
Өз кезегінде Измир қаласының әкімі Джемиль Тугай Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын тарихи әрі рухани сабақтастықтың айрықша маңызын атап өтті. Сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, инвестиция, туризм және білім беру салаларындағы байланысты нығайтуға қызығушылық білдірді. Ол аталған кездесудің өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар екі өңір арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, нақты жобаларды бірлесіп пысықтауға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге уағдаласты.
Измир – Түркияның жетекші өнеркәсіп, сауда, логистика және ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі. Қала өндіріс, халықаралық сауда, теңіз логистикасы, туризм, инновация және қалалық басқару салаларындағы озық тәжірибесімен кеңінен танылған.
Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жоғары саяси деңгейде қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың 4 айында екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 1,4 млрд АҚШ доллары, импорт – 454 млн АҚШ доллары. Ал Түркістан облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 7 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі – 1 млн АҚШ доллары, импорт көлемі – 6 млн АҚШ доллары.
