ЖАСТАРҒА «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫ ТАРТУ ЕТІЛДІ
Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Абай мұрасын дәріптеуге арналған жиын барысында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, жастарға қазақ әдебиетінің жауһары саналатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығы сыйға тартылды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде жиынға қатысушылар ұлы ақынның рухына тағзым жасап, Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсім ұлт руханиятының биік тұлғасына деген құрметтің белгісі ретінде өткізілді.
Жиын барысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров барша қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. 2020 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының туған күніне орай 10 тамыз – «Абай күні» ретінде атап өтіледі. Өткен жылы ақынның 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Биылда бұл үрдіс жалғасын тауып, Абай шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар ел аумағында кеңінен ұйымдастырылуда. Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасын ұлықтау – ұлтты ұйыстыратын, жас ұрпақтың санасын тәрбиелейтін маңызды құндылық екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді.
Мерекелік бағдарлама аясында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, көрермендерге Абай шығармаларынан әдеби композиция ұсынды. Сонымен қатар ұлы ақынның көпшілікке кеңінен танымал «Көзімнің қарасы» әні орындалып, шараның мазмұнын аша түсті.
Іс-шара аясында «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» тақырыбында кітап және сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеден ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған әдеби еңбектер мен көркем туындылар орын алып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілерге Абайдың тағылымды мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.
Ұрпақтар сабақтастығын бекемдеу, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастарға және қала тұрғындарына Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы саналатын «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.
Бұл бастама ұлы ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстырып қана қоймай, әдеби мұраны ұлықтауға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында Абай есімімен 1 ауылдық округ, 4 елдімекен, 110 көше, 15 мектеп аталады. Сонымен бірге ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш пен 11 бюст орнатылған. Абай мұрасын дәріптеу, оның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау және есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
