СУ РЕСУРСТАРЫ ЦИФРЛАНДЫРУҒА КӨШЕДІ
Түркістан қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 94-отырысы ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума, Түрікменстанның Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов қатысты.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылғы вегетация кезеңіне арналған Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының пайдалану режимдері мен су бөлу лимиттерін талқылады. Бұдан бөлек, Сырдария өзені бассейніндегі су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарының жобасын әзірлеу мәселесі қаралды. Отырыста аталған құжатты әзірлеу бастамасы қолдау тауып, тиісті жұмыстарды жүргізу мақұлданды. Осы бағыттағы арнайы жұмыс тобын биылғы қыркүйекке дейін құру көзделіп отыр.
Су шаруашылығы саласына жауапты ведомстволардың басшылары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асырылып жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің су ресурстарын тиімді басқаруы мен ұтымды пайдалануына бағытталған өңірлік ынтымақтастық жөніндегі гранттық жобаның (CAWEC) орындалу барысын да саралады. Сонымен қатар күн тәртібінде Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңестерінің шешімдерінен туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу мәселелері қаралды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов МСШҮК-ның өңірдегі маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы көп жылдардан бері Орталық Азияның су шаруашылығы саласындағы ортақ шешімдерді келісуге мүмкіндік беретін негізгі кәсіби алаң ретінде қызмет етіп келеді. Осы алаңда Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндеріндегі трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқарудың тиімді тетіктері қалыптастырылып, өңір елдерінің мүдделері арасындағы тепе-теңдік пен су ресурстарын алдағы кезеңде тұрақты пайдалану қамтамасыз етіледі», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, МСШҮК жұмысының үйлесімді жүргізілуінің нәтижесінде биыл Шардара су қоймасына тұрақты су ағыны қамтамасыз етілді. 2026 жылғы 1 сәуірден бері аталған су қоймасына шамамен 3 млрд текше метр су жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы және көпжылдық орташа мәндерден жоғары. Вегетация кезеңі аяқталғанға дейін су ағынының жалғасуы күтіліп отыр.
Қазіргі уақытта Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты деңгейде. Ауыл шаруашылығы саласының қажеттіліктеріне арналған су ресурстары белгіленген штаттық режимде жеткізіліп жатыр.
Орталық Азия Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі, 95-отырысын Түрікменстан өткізу жоспарланып отыр.
