«КЕШІРІМ СҰРАДЫ»: ӘКІММЕН КЕЗДЕСУДЕ ТУҒАН ТҮСІНБЕУШІЛІККЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-тілектері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесуден кейін әлеуметтік желілерде тұрғындардың бірі облыс әкіміне өз өтінішін жеткізе алмай қалғаны туралы бейнежазба жариялаған болатын.

Осы жағдайдан хабардар болған өңір басшысы азаматты бүгін арнайы жеке қабылдап, өтінішін тыңдап, жауапты сала басшыларының қатысуымен мәселені жан-жақты талқылады.

Кентау қаласының тұрғыны Тұрәлі Айтжанов қалаға кіреберісте орналасқан, өзінің жеке меншігіндегі 3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық бағытқа өзгерту туралы өтінішін жеткізді.

Аталған мәселе бойынша азамат бұған дейін де бірнеше рет Кентау қаласының әкімі мен облыс әкімінің жеке қабылдауында болған. Сол кезде оған қолданыстағы заңнама талаптары толық түсіндіріліп, баламалы жер учаскесі де ұсынылған. Алайда тұрғын ұсынылған нұсқадан бас тартқан.

Бүгінгі қабылдау барысында да жауапты мамандардың қатысуымен мәселе егжей-тегжейлі қаралып, заң талаптары тағы да түсіндірілді. Атап айтқанда, жер телімі Кентау қаласының қолданыстағы бас жоспарына сәйкес су қорғау аймағында орналасқан. Осыған байланысты оның нысаналы мақсатын өзгертуге қазіргі таңда заң жүзінде мүмкіндік жоқ екені айтылды.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Кентау қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Бас жоспар жаңартылып, тиісті мемлекеттік органдардың қорытындылары алынғаннан кейін азаматтың өтініші заң талаптарына сәйкес қайта қаралатын болады.

Қабылдау кезінде Тұрәлі Айтжанов кеше халықпен кездесу барысында туындаған түсініспеушілік салдарынан өз мәселесін жеткізе алмағанын айтып, орын алған жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ өтінішін жеке қабылдап, мәселенің құқықтық тәртібін жан-жақты түсіндіргені үшін облыс әкіміне алғыс білдірді.

Өз кезегінде Нұралхан Көшеров тұрғындардың әрбір өтініші мұқият қаралатынын атап өтті. Сонымен бірге барлық мәселе тек заң талаптарына сәйкес шешілетінін айтты.