ҚАБЫЛДАУДА КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Нұралхан Көшеров:
— Құрметті Кентау қаласының тұрғындары! Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін Қарт Қаратаудың баурайында орналасқан табиғаты көркем, өндірісі өркендеген Кентау шаһарының тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Бүгінде облыстың инвестициялық әлеуетін дамыту бағытында арнайы жобалар мақұлданып, оларды іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы мақсатта аудан-қалаларда арнайы экономикалық аймақтар құрылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Кентау қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде де оң өсім байқалады. Өткен кездесуде сіздердің тараптан 26 мәселе көтерілген болатын, бүгінде оның 18-і орындалып, қалған 4-еуін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындардың талап-тілектері жіті қадағалауымда, әр мәселені заң шеңберінде қарастыру жұмыстары ұдайы жалғасады. Жалпы Кентау қаласының өндірістік әлеуеті жоғары, алдағы уақытта да халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, — деді.
Кездесу барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Қалада мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 млрд теңгені құрады. Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсімі 117 пайызға жетті.
Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 26,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 20,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер тіркелді. Жалпы өнім көлемі 114,8 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы – 117,7 пайыз, ал өсімдік шаруашылығы 100 пайыз деңгейінде орындалған.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда қалада жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 797-ге жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды.
Білім беру бағытында қала аумағында 32 мектеп жұмыс істейді. Кентауда апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 99,6 пайызға жеткен. Денсаулық сақтау саласында халыққа 13 медициналық мекеме қызмет көрсетуде.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Қала аумағындағы 3 елді мекен табиғи газбен қамтылып, көгілдір отынға қосылған абоненттер саны 17 мыңға жетті. Сонымен қатар 120 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға өссе, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістерінің үлесі 31,4 пайызға жетті. Бұдан бөлек, «Болашақ» мөлтек ауданындағы 14 көшеде ауыз су құбырлары толық жаңартылып, пайдалануға тапсырылды. Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілді.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында елді мекендерді табиғи газбен қамту, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй және жер мәселелері көтерілді. Көтерілген мәселелердің бірқатары толық шешімін тапса, қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілектері әрдайым назарда болатынын және заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан мен қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «eOtinish» бірыңғай платформасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне барып, жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазылуға болады.
