КЕНТАУДЫҢ ГАЗ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЭКСПОРТТАЛУДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Кентау қаласына барып, «Тұран» арнайы экономикалық аймағында орналасқан газ қазандықтарын шығаратын «TURAN SHENHUA» ЖШС зауытының өндірістік қызметімен танысты.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың дана газ қазандығын құрайды. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 2,4 млрд теңге. Зауытта 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 250–300 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар мұнда өндірілетін өнімдер Орта Азия елдеріне экспортталады.
Өндіріс орнын аралау барысында облыс әкімі зауыттың жұмыс үдерісімен танысып, өңір экономикасын одан әрі дамыту, инвестиция көлемін арттыру және экспорттық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстарға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. 2026–2029 жылдар аралығында өңірде жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда облыста жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында нақты жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
